CaspianLife. 23 шілде. «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС алаңында Премьер-министрге қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысы құрылысының барысы туралы баяндалды. «АЭК» ЖШС бас директоры Гэ Личунь жобаның Маңғыстау облысы мен еліміздің батыс өңірін энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және өнергия өндіру қуатын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Инвестиция көлемі $210 млн-ды құрайды, 300-ге жуық жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 30% орындалды, 2027 жылдың маусымында пайдалануға беру жоспарлануда.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» (МАЭК) ЖШС базасында жалпы электр қуаты 500 МВт-қа дейін және жылу қуаты сағатына 560 Гкал болатын жаңа бу-газ қондырғыларын салу жоспары туралы баяндады. «МАЭК» ЖШС Маңғыстау облысының өңірді электрмен, жылумен және сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін энергетикалық инфрақұрылымының негізгі нысаны болып саналатыны атап өтілді. Жаңа кешен ескірген энергия блоктарын ауыстырып, электр және жылу энергиясының аралас өндірісін қамтамасыз етуі керек. Жоба сондай-ақ өңірдің сумен жабдықтау жүйесін одан әрі дамыту үшін тұщыландыру қуаттарын интеграциялауды көздейді.

Премьер-министрге Ақтау қаласын жылумен қамтамасыз етуге арналған орталық қазандық салу жобасы ұсынылды. Қазіргі уақытта қаланы жылумен қамтудағы негізгі жүктеме «МАЭК» ЖШС-нің жылу көздеріне түсіп отыр. Қолданыстағы белгіленген қуат сағатына 500 Гкал болғанымен, қазіргі таңда Ақтау қаласының жылуға деген қажеттілігі сағатына 745 Гкал-ды құрайды. Сағатына 363 Гкал қуатқа ие орталық қазандықтың құрылысы тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымның 2 млн шаршы метрден астам аумағын жылумен қамтамасыз етуге, жаңа және қолданыстағы шағынаудандардың бір бөлігін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосуға, сондай-ақ қаланың жылумен жабдықтау жүйесін өзара тәуелсіз екі тізбекке бөлуге мүмкіндік береді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министр жобаларды уақтылы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
«Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың басты міндетін атап өтті. Сапалы және үздіксіз жылумен жабдықтау мәселелері әкімдік пен тиісті мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыттарының қатарына кіреді. Сондықтан энергетика, көлік, өнеркәсіптік инфрақұрылымның барлық жобаларын ерекше бақылауда ұстауды және уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


