CaspianLife. 23 шілде. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласының индустриялық аймағында салынып жатқан заманауи «КАМАЗ» өндірістік-сервистік кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жобаны іске асыру өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға, сервистік инфрақұрылымды кеңейтуге және жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Жоба аясында «КАМАЗ» жүк көліктерін құрастыруға, техникалық қызмет көрсетуге және күрделі жөндеуге арналған заманауи кешен құрылады. Инвестицияның жалпы көлемі 8 млрд теңгені құрайды. Нысанды 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Кешен аумағында жылына 200 жүк көлігіне дейін өндіруге мүмкіндік беретін өндірістік корпус, жылына 1 600 бірлікке дейін автокөлік техникасына қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған сервистік аймақ, қосалқы бөлшектердің өңірлік қоймасы, әкімшілік-тұрмыстық кешен және жүк көліктеріне арналған заманауи автожуу станциясы орналасады.

Өндірістік-сервистік кешен Ақтау қаласының индустриялық аймағында, А-33 автожолының бойында, теміржол көлік торабына жақын орналасқан 2,2 гектар аумақта салынып жатыр. Мұндай орналасу өндірістік процестер мен логистикалық тізбектерді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта нысанда жер жұмыстары мен іргетас қалау аяқталып, негізгі өндірістік корпустың металл қаңқасын монтаждау жұмыстары басталды. Жауапты мамандар өңір басшысына жобаны іске асыру барысы, құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңдері және өндірістік қуаттарды іске қосу жоспарлары туралы баяндады.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ салынып жатқан өндірістік-сервистік кешен базасында өзінің «КАМАЗ» жүк көліктері паркінің күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны айтылды. Бүгінде ұлттық компанияның автопаркінде күрделі жөндеуді қажет ететін шамамен 1,5 мың жүк көлігі бар. Бұл кешеннің өндірістік қуаттарын айтарлықтай жүктемемен пайдалануға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, облыс әкімі ірі өнеркәсіптік инвестицияларды тарту өңірді дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
– Маңғыстау облысы үшін ірі өнеркәсіптік инвестицияларды тарту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жобаның іске асырылуы өңірдегі машина жасау, логистика және сервистік салаларды дамытуға жаңа серпін береді. Біз ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін, жаңа жұмыс орындарын ашатын және отандық өнеркәсіптің дамуына ықпал ететін заманауи өндірістерді құруға мүдделіміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын, бекітілген кестенің қатаң сақталуын және нысанның жобалық қуатына шығарыла отырып, уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі


