Дәл қазір Маңғыстау облысында Армениядан әкелінген 2070 көлік ресми тіркеуден өтті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы, облыс тұрғындарының атына 3950 көлік тіркелген. Олардың 915-іне қайта тіркеуден өту қажеттілігі жоқ.
Полиция департаментіндегілердің айтуынша, көптеген жүргізуші мемлекеттің тағы да жеңілдік жасауын күткендей тіркеуге асығатын емес. Бірақ осыған дейін Үкімет тарапынан берілген жеңілдік енді қайталанбайды. Яғни, жүргізушілер Армениядан сатып алған көліктерін 1-қыркүйекке дейін ресми тіркеп үлгеру керек.
Қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер тіркеу мерзімі өтіп кетсе, белгіленген заңға сәйкес әкімшілік жаза тағайындалмақ.
Бір ескерерлігі, рөлі сол жағында орналасқан көліктер ғана тіркеуге тұра алады. Ол үшін жүргізуші 11 946 теңгеге шығындалады.