CaspianLife, 24 маусым. Президенттің Брюссельге сапары аясында «Самұрық-Қазына» қоры Францияның Technip Energies компаниясымен Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) арналған техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне мемлекеттік қордың басшысы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.
Жақыповтың айтуынша, жоба бойынша зерттеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Осыдан кейін инвестициялық шешім қабылданады. Мемлекеттік қор басшысының бейнепікірін «Ұлысмедиа» басылымының Telegram-арнасы жариялаған.
Қазақстан Энергетика министрлігінің бұған дейін хабарлауынша, жаңа зауыттың алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталып кеткен. Жоспар бойынша, жаңа МӨЗ жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай өңдей алады.
Шикізат көзі ретінде Қашаған және Теңіз кен орындарының мұнайы, сондай-ақ қолданыстағы құбыр инфрақұрылымы арқылы жеткізілетін аралас шикізат қарастырылып отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді: Павлодар мұнай-химия зауыты, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» (Шымкент МӨЗ) және Атырау мұнай өңдеу зауыты.

