Атырау облысында қырық жыл бойы тазаланбаған Шора, Қиғаш өзендерінің су арнасы тереңдетілуде. Өйткені, осы уақытқа дейін өзектер бітеліп, су көліктерінің қозғалысы қиындаған. Тіпті, кей жердегі тереңдік 30-40 см-ден әрең асады.
Ғұмар СЕРІКБАЕВ, түп тереңдету қондырғысының механигі:
– Бұл қондырғы өзен түбін тереңдетуге арналған. Тәулігіне 50 метрден алға жылжып келеміз. Тереңдік 1,40 метр болса, біз оны екі жарым метрге дейін қазамыз. Елдімекендер тұсында құрылыс қалдықтары мен браконьерлік аулар қол байлайды. Бірақ әзір графиктен ауытқыған жоқпыз.
Тереңдету жұмыстары Каспий теңізінде де жүргізіліп жатыр. Бұл балықшы кемелердің теңізге еркін кіріп-шығуына, өңірдегі жалпы су қатынасының жандануына ықпал етпек. Жобада лай шығаратын 3 техника, 2 эксковатор, сондай-ақ, 30 адам жұмыс атқаруда.
Дидар ӘЛИЕВ, учаске басшысы:
– Біз негізінен Каспий теңізіне құятын су арналарын қазып жатырмыз. Бірнеше жыл бойы тазаланбағандықтан, арналар таяздап қалған. Кей жерлерде тереңдік 1 метрге де жетпейді. Біз соның лайын алып, жағаға шығарып жатырмыз.
Қиғаш, Шора өзендерін тереңдету биыл мұз қатқанша жалғаспақ. Мұндай жұмыстар Жайықта да қолға алынғанын айта кеткен жөн.