Caspianlife, 8 маусым. Кендірліде жаңа визит орталығының тұжырымдамасы таныстырылды. Орталық барлық экологиялық талаптарды әрі тұрақты туризм принциптерін ескере отырып салынатын болады. Жобаны «PanaAsia» компаниясы жасақтаған, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Орталық құрылысы 2026 жылдың соңғы шенінде аяқталады деп жоспарланған.
Жобаның мақсаты – туристерге қолайлы әрі жайлы кеңістік қалыптастыру. Оған қоса, қоршаған ортаны мейлінше ұқыпты пайдалану көзделеді. Орталық қонақтарға аймақтың ерекше табиғатымен толығырақ танысуға жол ашып, көшпенділердің дәстүрлі мәдениетінің рухын сезінуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында этно-кофехана, глэмпинг салынады. Нысандардың ішкі жасауы ұлттық дизайн нақыштарымен көмкеріледі. Олар жаңа технологиялармен үндесіп, туристердің жайлы әрі экологиялық қауіпсіз қоныстануына жағдай жасайды.
Орталық жиналмалы жеңіл конструкциялардан тұрғызылады, олар терең іргетасты қажет етпейді. Ғимарат мекеннің жер бедеріне қарай 400-ден 1000 мм биікте тұратын болады. Сумен, электрмен жабдықтау және қалдықтарды өңдеу мәселелері қоршаған ортаға мейлінше зиян тигізбейтіндей етіп шешілген. Қалдық суды тазартатын биотазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн сәулесімен қоректендіру қарастырылған.
Жоба жергілікті экономикаға айтарлықтай әсер етеді. 30-ға дейін жұмыс орны ашылып, оның 90% аймақ тұрғындары болады. Сонымен бірге, жақын маңдағы кенттердің тұрғындарына ауылшаруашылық өнімдерін сатуына жағдай жасалады. Заман талабына сай визит орталық туристер баруға ынталы нүктеге айналып, экологиялық туризмді дамытуға септігін тигізеді, табиғи мұраны сақтауды қамтамасыз етеді.
— Визит орталықтары — уақыт талабы. Егер біз туризмді дамытқымыз келсе, инфрақұрылымы дамыған, туристерді қызықтыратындай заманауи нысандар салуымыз керек. Біз, этникалық және ұлттық мәзірдің реңкі бар ерекше концепция ұсынып отырмыз, бұлар қонақтарға ұмытпастай әсер қалдырады, — деп атап өтті Сәуле Жаңабаева.
«Бозжыра» визит орталығының құрылысы Қазақстандағы, экологияға бағышталған туризмді дамытудағы маңызды қадам болмақ.

