Caspianlife, 5 маусым. Атырау облысының прокуратурасы Атырау қаласында 600 орындық жекеменшік мектеп салып жатқан NURORDA мектеп-лицейі ЖШС-нің құқықтарын қорғады. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды.
Прокуратураның араласуына қала әкімдігінің инвесторға көлемі 1,5 гектар жер учаскесін беруден негізсіз бас тартуы себеп болған. Бұған дейін Өңірлік үйлестіру кеңесі аталған жобаны инвестициялық жоба деп танып, оң шешім шығарған болатын.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылып, инвесторға қажетті жер телімі берілді. Соның арқасында мектеп құрылысы қайта жанданды.
Заң бұзушылыққа жол берген жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық прокуратура әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 (701) 066-77-22, 8 (778) 555-77-24 нөмірлері немесе 115 жедел желісі арқылы хабарласуға шақырды.