CaspianLife, 1 маусым. Атырау облысының Қызылқоға ауданында аса қауіпті зиянкес саналатын италиялық прус шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталды. Биыл аудан аумағында жалпы көлемі 42 мың гектар жерді залалсыздандыру жоспарланған.
Мамандардың мәліметінше, оның ішінде 10,9 мың гектар алқапта саяқ шегірткеге қарсы күрес шаралары жүргізіледі. Көктемгі фитосанитариялық зерттеу нәтижесінде Көздіғара ауылдық округіне қарасты Көкөзек жайылымынан, сондай-ақ Тасшағыл және Ойыл ауылдық округтерінің аумақтарынан италиялық прус шегірткесінің дернәсілдері анықталған.
Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Қызылқоға аудандық филиалының энтомологы Жанаргүл Өрдекованың айтуынша, зиянкес дернәсілдерінің алғашқы шығуы 12 мамырда тіркелген. Осыған байланысты тиісті дабыл хабарламалары облыстық инспекцияға жолданған.
Қазіргі уақытта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдар анықталған. Зиянкестерге қарсы күрес дельтаплан мен жерүсті бүріккіш техникалардың көмегімен жүргізілуде. Өңдеу барысында арнайы сертификатталған препараттар қолданылып жатыр.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Жайлау Сағындықовтың айтуынша, биыл облыс бойынша үйірлі шегірткелерге қарсы жалпы 79 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Оның 18,5 мың гектары азиялық шегірткеге, ал 60,5 мың гектары италиялық прусқа тиесілі.
Соның ішінде Қызылқоға ауданында 42 мың гектар аумақта италиялық прусқа қарсы өңдеу жұмыстары қолға алынған.
Мамандардың айтуынша, көктемгі ауа райының салқын болуы шегірткелердің өсіп-жетілуін баяулатып, зиянкестерге қарсы күресті дер кезінде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда дернәсілдер анықталған барлық аумақтарда химиялық өңдеу жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.

