Caspianlife, 8 мамыр. Бейнеулік мұғалім Назгүл Салиева АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының бірі – Бостон университетінде білім алып жатыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Қазіргі таңда ол отбасымен біргі АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Бостон қаласында тұрады. Оқу орнына ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы түскен. Көктемгі семестр аясында университет профессорының ұсынысымен ағылшын тілі мамандығында білім алып жатқан магистранттардың педагогикалық тәжірибесіне жетекшілік етеді.
Назгүл Салиева практикум супервайзері ретінде студенттердің сабақтарына қатысып, оқу үдерісіне талдау жүргізеді. Сонымен қатар, сабақтардың өту сапасына қатысты қорытынды есептер дайындайды.
– Мен кішкентай кезімнен ағылшын тіліне деген қызығушылығым зор болды. Қажетті тесттерді тапсырып «Болашақ» бағдарламасының грантына ие болдым. Басында Америкаға келгенде жаңа ортаға үйренісу оңай болған жоқ. Дегенмен, бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі кәсіби даму мүмкіндігі болды. Екі аптадан кейін бітіру кеші өтеді. Жуырда елге оралуды жоспарлап отырмыз, – деді Назгүл Салиева.



