CaspianLife, 4 мамыр. Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мақсат Мұқаш «ӨзенИнвест» МКК су тазарту имаратының және бірқатар коммуналдық кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған деректерге сәйкес, бүгінде Жаңаөзенде 154,3 мың адам тұрады. Халық санының артуына байланысты ауыз суға деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі уақытта қалада сыйымдылығы 60 мың текше метр болатын су қоймасы жұмыс істейді. Ал тұрғындарды сумен толық қамту мақсатында өткен жылы көлемі 30 мың текше метр болатын қосымша резервуар құрылысы басталған.
Бас инженер Мерген Қапарбаевтың айтуынша, қаладағы су құбырлары желісінің жалпы ұзындығы 718 шақырымды құрайды, оның шамамен 30 пайызы тозған.
Кәріз суын тазарту имараты 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді және тәулігіне 12 750 текше метр суды тазартуға қауқарлы. Алайда қалада дәл осындай қуаттағы тағы бір нысан қажет екені айтылды. Қаржы тапшылығына байланысты бұл жоба әзірге жүзеге аспай тұр. Соның салдарынан қазіргі жұмыс істеп тұрған имараттың қуаты жеткіліксіз екені көтерілді.
Сапар барысында Мақсат Мұқаш «Өзенжылу» МКК қарасты жылу қазандығының жағдайымен де танысты. Кәсіпорын басшысы Берік Еңсепов алдағы жылыту маусымына дайындық аясында ұзындығы 9 мың шақырымға жуық жылу желілерін жөндеу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар «Өзенэнергосервис» МКК жұмысы қаралды. Қаладағы электр желілерінің шамамен 60 пайызы тозған. Мәліметке сәйкес, республикалық бюджеттен электр жүйесін жаңғыртуға 6,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы желілердің 40 пайызын жаңартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, сапар барысында коммуналдық саладағы негізгі мәселелер – тозған инфрақұрылым, қуат тапшылығы және қаржыландырудың жеткіліксіздігі екені айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігі атап өтілді.

