CaspianLife, 30 сәуір. Сенаторлар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген даулы түзетулерді Мәжіліске қайтаруды ұсынып отыр.
Бұл туралы Telegram-да ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының басшысы Максим Споткай мәлімдеді. Оның айтуынша, заң Сенатқа түскен сәттен бастап жұмыс тобының бес отырысы өтіп, азаматтардан 300-ден астам өтініш түскен. Талқылауға сенаторлар, мемлекеттік орган өкілдері, зооқорғаушылар мен қоғам белсенділері қатысты. Өңір өкілдері де қаңғыбас жануарларға қатысты жағдайға үлкен алаңдаушылық білдірген.
«Жақында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында Мемлекет басшысы нақты ұстанымын білдірді: қаңғыбас жануарлар мәселесі — адамдардың немқұрайлылығының салдары. Жануарларды дұрыс ұстамағаны және оларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілік күшейтілуі тиіс. Президент бұл мәселенің асқынып кеткенін, балалар мен ересектердің жабайы иттердің құрбаны болу жағдайлары жиілеп кеткенін атап өтті. Мұндай мәліметтер облыстардан түсіп жатыр», — деп жазды М. Споткай.
Ол Мәжілістен түскен заңға белгілі бір түзетулер енгізу қажеттілігі туындағанын атап өтті. Сенаторлар мынадай өзгерістерді ұсынды:
-
Әр өңірдің мәслихаттарына қаңғыбас жануарлардың санын реттеудің нақты тәртібі мен мерзімдерін дербес анықтау ұсынылды. (М. Споткайдың ескертуі: Мәжіліс қабылдаған заң редакциясында қаңғыбас жануарлар баспанаға немесе уақытша ұстау пунктіне өткізілгеннен кейін бес тәулік өткен соң эвтаназия жасау көзделген болатын).
-
15-бапта қаңғыбас жануарлардың санын реттеу кезінде «эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту ұсынылды;
-
Қаңғыбас жануардың негізгі белгісі ретінде тек чиптің болуы емес, иесінің болмауы алынуы тиіс. Қысқа мерзімде барлық үй жануарларын, әсіресе алыс ауылдарда жаппай чиптеуді қамтамасыз ету қиын болғандықтан, бұл түзету құқық қолданудағы ықтимал тәуекелдерді жояды.
Сондай-ақ бірқатар басқа да мазмұнды және заңнамалық сипаттағы түзетулер ұсынылды. Олардың барлығы салыстырмалы кестеге енгізіліп, Сенаттың бейінді комитеті заңды Мәжіліске қайтаруды ұсынды.

