CaspianLife, 23 сәуір. Әлеуметтік желілер мен онлайн-хабарландыру платформаларында кез келген санаттағы азаматтар үшін ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ЕТЖШ) асатын зейнетақы жинақтарын алуға делдалдық қызмет көрсету туралы ұсыныстар әлі де таратылуда. Ол үшін «көрсетілген қызмет» ретінде алдын ала сыйақы төлеу талап етіледі.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) мемлекеттік қоры кезекті рет ескертеді: біржолғы зейнетақы төлемдері делдалсыз және комиссиясыз жүзеге асырылады.
«Күмәнді схемаларға қатысуға келісе отырып, сіз тек ақшаңыздан айырылып қана қоймай, сонымен қатар жеке деректеріңіздің қауіпсіздігіне қатер төндіресіз. Бұл деректер кейіннен басқа да алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін», — делінген хабарламада.
БЖЗҚ сонымен қатар зейнетақы жинақтарын алу ҚР Әлеуметтік кодексінде қатаң белгіленген жағдайларда ғана мүмкін екенін еске салды. Бұл ең алдымен: зейнетақы жасына толу, 1 немесе 2-топтағы мерзімсіз мүгедектік, тұрақты тұруға (ТТЖ) елден тыс жерлерге көшу және мұрагерлік.
Заңнамада белгіленген шарттар сақталған жағдайда, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға және (немесе) емделуге келесі тұлғалар пайдалана алады: — жинақтары ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын салымшылар (ЕТЖШ-ден асатын сома шегінде); — зейнетақысы жоғалтқан табысының (бұрын алған еңбекақысының) кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер – олар шотта қалған жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады; — еңбек өтілі бойынша зейнеткерлер (жинақтарының 100%-ына дейін); — зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар (жинақтарының 100%-ына дейін).
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге нысаналы пайдалану тек уәкілетті операторлар – екінші деңгейлі банктер арқылы ғана мүмкін болады. Тиісінше, делдалдардың қызметі қажет емес. Бұл ретте БЖЗҚ ешқандай комиссия алмайды.
БЖЗҚ өз салымшылары мен алушыларына мұндай ұсыныстарды елемеуге, ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және тек құқықтық өрісте әрекет етуге кеңес береді.
Зейнетақы жинақтарын алуға және аударуға қатысты барлық сұрақтарға жауап алу үшін және ақпаратты тексеру үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне, сондай-ақ қашықтықтан хабарласуға болады: — enpf.kz сайты және БЖЗҚ/ЕНПФ мобильді қосымшасы арқылы; — 1418 байланыс орталығының нөміріне қоңырау шалу (көп арналы тегін байланыс), сондай-ақ +7 777 000 1418 WhatsApp нөмірі арқылы; — БЖЗҚ-ның «Одноклассники», Telegram, Facebook, «ВКонтакте» және Instagram сияқты танымал әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында.

