Жаңаөзендік 8 кәсіпкер жылыжай шаруашылығымен айналысып отыр. Биыл тағы қалада 0,7 гектар аумақты алатын жылыжай іске қосылды. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жібек Бекова мәлімдеді.
Жылыжайларда қияр, қызанақтар және құлпынай жемісі өсіріліп жатыр. 2020 жылы жоспар бойынша 200 тонна өнім алынады. Кәсіпкерлер алдағы уақытта шығарылатын өнімдерді жергілікті көтерме саудагерлерге және Ақтау қаласына өткізуді жоспарлауда.
Жібек БЕКОВА, Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Елімізде жылыжай шаурашылығын дамытуға қолдау бар. Мысалы, жаңа үлгіде автоматтандырылған жылыжай үшін оның құрылысына кеткен шығынның 25%-ы бюджеттен субсидияланады. Мұндай үлгідегі жылыжай Жаңаөзен қаласында жоқ. Алайда шаруа қожалықтарына ұсыныстар берілуде. Олар өз кезегінде қызығушылық танытып, алдағы уақытта жылыжай санын көбейтуді жоспарлауда. Осындай жаңа үлгідегі автоматтандырылған жылыжайлар Жаңаөзен қаласында алдағы 5 жылда пайда болады.
Жылыжай шаруашылығын қолдаудың тағы бір түрі – егінді суаруға кеткен су шығынының 85%-ын субсидиялау. Мұнда тек суаруға пайдаланатын судың лимиті бекітілген желілерін ғана алу қажет. Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жібек Бекова бұл бағыт бойынша шаруа қожалықтары жыл сайын суға кеткен шығынының 85%-ын қайтарып, қолдау көріп отырғанын айтты және алдағы тың жоспарларымен бөлісті.
Қазіргі таңда Жаңаөзен мен оған іргелес елдімекендерде жылыжай саны көбейіп келеді. Алайда олардың көбі тұрғылықты үйінің ауласында немесе кәсіпкерлік мақсатында алынған жерлерде айналысуда. Сондықтан олар үкімет тарапынан берілетін субсидиядан қапы қалып отыр.
Жібек Бекованың айтуынша, осындай жағдайларды ескере отырып, қала маңынан аграрлық аймақ құрып, жылыжай кешендерін бір жерге шоғырландыру жоспарланып отыр. Ол үшін қазір қала маңынан жер таңдау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Аграрлық аймақ құрылып, онда жылыжайлар орналасса, жергілікті нарықты толық қамтамасыз етумен қатар, өзге аудандар мен облыстарға өнім тасымалдауға қауқарлы болады.