Маңғыстау облысына медициналық құрал-жабдықтардан құралған гуманитарлық көмектің тағы бір легі келді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабар таратты.
Бұл жолы пандемияға қарсы күреске көмек берген – ACE GROUP трансұлттық компаниясының инвесторлары.
Жалпы көлемі 3,5 тонна болатын медициналық бұйымдардың ішінде 500 мың медициналық бетперде, 40 мың көпфункционалды дезинфекциялық құрал, 144 инфрақызыл термометр сияқты науқастарға ең қажетті басқа да заттар бар.
Жергілікті биліктің айтуынша, гуманитарлық көмек Ақтау, Жаңаөзен, қалаларының, сондай-ақ Бейнеу, Түпқараған, Мұнайлы және Қарақия аудандарының медициналық мекемелеріне жеткізіледі.
Айбат ҚАЛАУБАЙ, Қазақстандағы ACE GROUP бөлімшесінің директоры:
– Осы қиын уақытта бәріміз азаматтық ұстанымды көрсетіп, халықты вирустың таралуынан қорғап, пандемиямен күресуіміз керек. Біздің компания әрқашан мүмкіндігінше көмек көрсетуге дайын. Біз COVID-19-бен күресте аймақ басшылығымен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз,
ACE GROUP компаниясы Қазақстанда жалпы құны шамамен $200 млн болатын логистика саласындағы жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Инвестициялық жоба Шығыс Азиядан Каспий маңы аймағына өнім жеткізудің тиімді тізбегін дамытуды көздейді. Бұл жоба Маңғыстау облысы әкімдігінің, «Ақтау теңіз порты» АЭА және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.