Ақдеполықтар бірнеше жылдан бері электр қуатының тұрақты жұмыс істемеуінен қиындық көріп келеді. Жоғары кернеулі тоқтың кесірінен тұрмыстық техника жиі істен шығып жатады. Бұлай жалғаса берсе, жаңа оқу жылына компьютер іздеудің де керегі жоқ сияқты…
Серік ӨТЕГЕНОВ, Атырау қаласының тұрғыны:
– Біз қала орталығында тұрамыз. Уәлиханов көшесінде электр қуатымен ешқандай қиындық жоқ, ал біздің Депода үнемі сол мәселе. Айына кем дегенде екі рет электр қуатынан қиындық көреміз. Біресе бар, біресе жоқ, бірде тым көп.
Мария ІЗМАҒАМБЕТОВА, Атырау қаласының тұрғыны:
– Электр қуатының ақшасын уақытында төлеп отырмыз. Тарифі неге көтеріліп жатыр деп шу шығарып жатқан да жоқпыз. Келісім бойынша сіздер ақша төлейсіздер, ал біз сапалы жұмыс көрсетеміз деген. Сапалы жұмысы осы ма?
Тұрғындардың бармаған жері жоқ көрінеді. Тіпті, сотқа да жүгінген, бірақ ондағылар мәселені өздігінен шешуге кеңес беріпті. Бұл көшелердегі электр желілері «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның қарамағындағы «Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы» мекемесіне тиесілі. Мәселемен биліктегілер де таныс. Өткен жылы энергетика және ТКШ басқармасы электр желісінің ауыстырылатынын хабарлаған еді.
Бауыржан ТУХФАТОВ, Атырау облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
– Биыл Атырау облысындағы елдімекендерді үздіксіз электр энергиямен қамтамасыз ету үшін және тозығы жеткен «ЭЧ-4» мекемесінің электр желісін ауыстыру үшін 12 жобалық сметалық құжаттама дайындап қойдық. Осы 12 жобалық сметалық құжаттаманың төртеуі қазір ведомстводан тыс сараптамадан өтуде. Қабанбай батыр көшелері құжаттаманың ішіне кіреді.
Десе де, әкімдіктегілер мәселенің қашан шешілетінін кесіп айта алмады. Бұған қаржы мәселесі себеп. Ал карантин кезіндегі дағдарысқа қарап, электр желілерін ауыстыруға арналған қаржының қашан бөлінетінін болжау қиын-ақ.