Caspianlife, 22 мамыр. Кеше Каспий теңізінің тайыздану мәселесі бойынша Ресей мен Әзербайжанның бірлескен жұмыс тобының отырысы өтті.
Астрахань облысының Табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау қызметінің хабарлауынша, бұл шара Санкт-Петербург қаласында XI Нев халықаралық экологиялық конгресі қарсаңында ұйымдастырылды.
Кездесуге Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Дмитрий Тетенькин, Әзербайжан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Рауф Гаджиев, екі елдің салалық мамандары мен сарапшылары қатысты. Астрахань облысынан отырысқа облыс губернаторының кеңесшісі Александр Жилкин және облыстық табиғи ресурстарды пайдалану қызметінің басшысы Румиль Юнусов қатысты.
Өткен жылдың желтоқсан айында Бакуде өткен екі ел делегацияларының кездесуінде Астрахань облысы Каспий теңізі деңгейінің өзгеруін ұзақ мерзімді болжау қажеттігін атап өткен болатын. Мұндай болжам бейімделу шараларын жоспарлау үшін қажет. Атап айтқанда, өңір мұнай өндіру және Каспий маңы елдеріндегі өзге де өнеркәсіп салаларын бейімдеу мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар мен сейсмологтарды тарту керектігін жеткізді.
Астрахань облысының әкімі Игорь Бабушкиннің бастамасымен Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігі Каспий теңізі деңгейінің өзгеруін тиімді болжау моделін жасау және оның жағымсыз салдарын азайтуға бағытталған кешенді бағдарлама жобасын әзірледі.
Александр Жилкин Каспийдің тайыздану мәселесін шешудің бірыңғай тетігін әзірлеуде болжам жасаудың маңызын тағы да атап өтті. Сонымен қатар, ол Ресей мен Әзербайжан экономикасының жекелеген салаларының мүдделерін үйлестіру механизмдерін құру қажеттілігіне назар аударды.
Көтерілген ұсыныстар бойынша жасалған жұмыс нәтижелері Ресей мен Әзербайжанның бірлескен жұмыс тобының келесі отырысында қаралатын болады.