Санитария талаптарының сақталмауы қаладағы сауда нүктелерінде жиі байқалады. Мониторингтік топтың «Дина» базарына жасаған тексерісі бұған тағы бір мәрте көз жеткізді.
Кіреберістен тәртіп қадағалайтын жан көрінбеді. Іште де бетперде таққандар санаулы. Ал әкімшілік болса, кінәнің бәрі саудагерлер мен сатып алушылардың өзінде деп безек болды.
Базарда сауда қызып тұр. Мониторингтік топтың жұмысы түскі уақытқа тұспа-тұс келген. Мұндағы дүңгіршектерге жеткізіп беру қызметіне ғана рұқсат етілгенімен, тұтынушылар тапсырысты өздері әкетіп жатыр. Ал мына бір асхана тіпті таң қалдырды.
Асхана әкімшісі қанша жерден ақталғанымен, көз көрген жағдай мүлдем бөлек. Саудагерлер мен келушілер емен-жарқын әңгіме айтып, түскі ас ішіп отыр.
Ернар ӘБІЛХАЙЫРОВ, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:
— Анықталған заңбұзушылықтарға қатысты 425-баптың 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 230-дан 1600 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салынады.
Мамандар мұндай заңбұзушылықтардың тым көп екенін айтады. Фаст-фуд дүңгіршектерінің алдындағы кезектің азаятын түрі жоқ. Техникалық қызмет көрсету және көлік жуу орталықтары амалын тауып, жеке тұлғаларға да қызмет көрсетуде. Ал тұрғындар қонақ шақыруды қояр емес.
Хамза БАҚЫТБЕК, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау басқармасының бас маманы:
— Жабық тұрған нысандарда, мейрамханаларда, дүкендерде клиенттерді көп жинап, уақыт шамасын асырып отыр. Олардың барлығына әкімшілік хаттама толтырылады. Рейдтер күндіз де, түнде де жалғасуда.
Өткен айда карантин режимінің бұзылуына байланысты 1400-ге жуық жағдай тіркелген. Көбінде тұтынушылардың өздері себепші болатын көрінеді. Санитария нормаларының неғұрлым қатаң сақталуы шектеулерді соғұрлым жеңілдететінін ұмытпаған абзал.