CaspianLife, 25 қыркүйек. Маңғыстауда оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оқиға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» баптары бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияның шұғыл отырысында мәлім болды.
Қазір қолайсыз ауа райы жағдайларын ескермеген, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және құтқару жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған лауазымды тұлғалар анықталды.
«Президент тергеуді барынша қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондықтан біз тәулік бойы жұмыс істеуіміз керек. Жауапты тұлғалар әрекетсіздік танытқанына немесе өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғанына қарамастан, қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс», – деді Қанат Бозымбаев.
Бас прокуратураның мәліметінше, 30-дан астам әскери қызметші жауап алынды. Тиісті құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды.
Отырыста қаза болғандардың жақындарына көмек көрсету мәселесі де қаралды. Мемлекет тарапынан заңнамада көзделген өтемақыдан бөлек, жекелеген азаматтар мен кәсіпкерлер де қолдау көрсетіп жатыр.
Қанат Бозымбаев Еңбек министрлігі мен жергілікті әкімдікке бұл қаражаттың қаза болғандардың отбасыларына толық көлемде, ашық әрі тікелей берілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы


