CaspianLife, 24 сәуір. Қиғаш өзені – Еділ өзенінің төменгі ағысындағы тармағы. Ал Шароновка өзені – Қиғаштың тармағы болып табылады. Бұл екі өзен де Атырау облысының Құрманғазы ауданынан ағып өтеді.
Сондай-ақ, Қиғаш өзені арқылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының (Атырау және Астрахань облыстары) мемлекеттік шекарасы өтетінін атап өткен жөн.
Telegram-дағы Vолжская ГЭС арнасының хабарлауынша, Ресейдің Су ресурстары жөніндегі федералдық агенттігінің (Росводресурсы) нұсқауына сәйкес, 26 сәуірден бастап Волжская СЭС Еділ өзенінің төменгі ағысына арнайы су тастау режимінде жұмыс істей бастайды. Хабарламада былай делінген: «…Еділдің төменгі ағысына арнайы су тастау – жайылымдық шабындықтарды суару, жаз мезгілінде суару үшін жасанды және табиғи су қоймаларын толтыру, балық уылдырық шашатын кезде су деңгейін көтеру үшін қажет».
26–28 сәуір аралығында Волжская СЭС-тің орташа тәуліктік су жіберу мөлшері шамамен 5 000 м³/секундты құрайды. Кейінгі бес күн ішінде бұл көлем тәулігіне 3 000 м³/секундқа артып отырады және 4 мамырға қарай ең жоғары су тастау көлемі – 23 000±500 м³/секундқа жетеді. Бұл режимде СЭС үш күн жұмыс істейді.
Содан кейін су жіберу тәулігіне 2 000 м³/секундқа төмендеп, 10 мамырға қарай шамамен 14 000 м³/секундты құрайтын болады. Бұдан кейін Волгоград гидроторабының жұмыс режимі Ресейдің Су ресурстары жөніндегі федералдық агенттігінің жаңа нұсқауына сәйкес қайта белгіленеді.