CaspianLife, 11 сәуір. Әлеуметтік осал санаттағы жандардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беру мақсатында биыл Атырау облысында 230 отбасыға қайтарымсыз грант беріледі. Бұл туралы Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөзінің хабарлаунша, грант көлемі – 400 АЕК, яғни, 1,5 млн теңгеден асады. Полымбет Хасанов қаржылық қолдауда көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, асыраушысынан айырылған және атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы отбасыларға басымдық берілгендігін жеткізді.
– Мемлекеттік грант адамдардың өз ісін бастауына серпін береді. Бұл – табысты арттыруға, отбасылық тұрақтылыққа жол ашатын нақты қолдау, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек 220 жасқа 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейінгі микронесие беру үшін 1,1 млрд теңге көлемінде сұраныс берілген.
«Айта кетейік, грант алуға өтінімдерді қабылдау – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.
Грантқа өтінім беру үшін порталда тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу, сондай-ақ өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою керек. Сонымен қатар үміткерге қойылатын басты талап «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс»,-делінген хабарламада.
Брифинг соңында басқарма басшысы қабылдаудың әлі басталмағанын, бұл туралы қосымша хабарланатынын жеткізді.