CaspianLife, 9 сәуір. Қазақстанда қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша шекті мән мен салық мөлшерлемесі анықталды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжілісте мәлімдеді.
«ҚҚС 16 пайыз болады (қазір 12 пайыз – еск.). ҚҚС бойынша шек 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленсін. Бұл біз келіскен ымыраның жемісі. Бірақ айта кетейін, осы фонда 160 мың жаңа салық төлеушіден айырылып, шамамен 400 миллиард теңге қосымша кірісті жинай алмай қаламыз. Мұны не үшін айтып отырмын – кәсіпкерлеріміз Үкімет пен Парламент осындай ымыраларға баруға дайын екенін түсінсін»», — деді Жұманғарин.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанда жаңа ЖК (жеке кәсіпкер) ашу тәртібі қатаңдатылады. Тиісті нормалар дайындалған.
«Бұрын құқықбұзушылық жасағандар, сондай-ақ белсенді емес бірнеше ЖК-сы бар адамдар үшін жаңа ЖК ашу – күрделірек процесс болады», – деп қосты вице-премьер.