Атыраулықтар әуе билеттерінің құнын қайтара алмай әлек. Пандемия басталмас бұрын саяхаттауды жоспарлағандар енді ақшасын алу үшін әуе компанияларына арызданып жатқан көрінеді. Маманның айтуынша, осындай 100-ден астам шағым түскен.
Мырзахан ЕРҚАНОВ, Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Қазіргі таңда Атырау облысы тұрғындарынан «Bek Аir», «Air Аstana», «Scat», «Fly Arystan» бойынша арыз-шағымдар түсіп жатыр. Біздің мақсатымыз – сол кісілердің құжаттарын тексеріп, сосын арызын қабылдап, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жіберу.
Бұл мәселе біздің облысқа ғана емес, бүкіл елге таныс. Төтенше жағдай кезінде тоқтаған рейстердің сұрауы енді көбейген. Жағдайдың қалай өрбіп жатқанын білу үшін әуе компанияларының бірімен байланысып көрдік.
Тілек ӘБДІРАҚЫМОВ, «Air Аstana» АҚ менеджері:
– Біздің компания төтенше жағдайға байланысты пайдаланылмаған билеттен түскен ақшаның 90 пайызын қайырып үлгерді. Енді қалған 10 пайыздың ішіндегі жолаушыларға сабырлық танытып күте тұруларын сұраймыз.
Маманның айтуынша, билет құнын қайтарып алам деушілердің қарасы қалың. Процестің баяулап кетуінің де себебі осы. Бірақ төленіп қойған қаражат барлық тұтынушыға міндетті түрде қайтарылмақ.