CaspianLife, 26 тамыз. Атырау халықаралық әуежайында экипажы шұғыл қону туралы шешім қабылдаған ұшақтың жолаушысы қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, шетелдік компанияға тиесілі әуе кемесі Түркиядан Ресейге бағыт алған.
Ұшу кезінде жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлаған. Осыған байланысты экипаж жедел түрде Атырауға қону туралы шешім қабылдаған. Алайда жолаушыны құтқару мүмкін болмады — ол ұшақ қонғаннан кейін қайтыс болған.
Оқиға 25 тамызда Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінде тіркелді. Қазіргі уақытта қызметкерлер жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болған.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, істің бұдан кейінгі егжей-тегжейлері жарияланбайды. Бұл Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабында көзделген.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

