CaspianLife, 19 наурыз. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) тауар нарығына қолжетімділік кедергілерін жоюға бағытталған шараларды әзірлеу және бәсекелестік деңгейін анықтау мақсатында сымды интернет қызметтері нарығындағы бәсекелестік жағдайына жоспарлы талдау жүргізуді аяқтады.
БҚДА баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта сымды интернет нарығы жоғары шоғырланумен сипатталады, онда «Қазақтелеком» АҚ мен «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) бірлескен үстем позицияға ие.
Талдау барысында Агенттік көпқабатты тұрғын үйлерге үшінші тарап байланыс операторларының кіруін қиындататын кедергілерді, сондай-ақ кабельдік кәріз желілеріне қосылудың техникалық шарттары туралы ақпарат алуды күрделендіретін факторларды анықтады. Аталған кедергілерді жою тұтынушыларға интернет қызметінің балама операторын өз бетінше таңдауға және кабельдік кәріз иелерінен техникалық ақпаратты тегін алуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, анықталған кедергілерді жою бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді.
«Талдау аясында сондай-ақ байланыс операторларының интернет қызметтері бойынша тарифтерінің өзгеру динамикасы зерттелді. Нәтижесінде, «Қазақтелеком» АҚ тарапынан тауарға монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталды. Осыған байланысты, Агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша тергеу жүргізу рәсімін бастады», — делінген БҚДА хабарламасында.