CaspianLife, 14 наурыз. Ақорда баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Амал күнімен құттықтауын жариялады.
«Құрметті отандастар! Сіздерді Наурыз мерекесінің жаршысы – Амал күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұзақ қыстан кейін бір-бірінің амандығын сұрау – ғасырлар тереңінен тамыр тартқан ерекше дәстүріміз. Бұл күні адамдар туған-туыстарымен, жақындарымен жүздесіп, үлкендерден бата алады. Осындай дәстүрлер арқылы халқымыз жас ұрпаққа бауырмалдық пен жанашырлық, мейірімділік пен қамқорлық қасиеттерін сіңірген. Бүгінде бұл құндылықтар «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында өз жалғасын табуда.
Наурыз мерекесінің алдында өтетін көрісу дәстүрі қайта жаңғырып, бүкілхалықтық сипатқа ие болуда. Оның ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт тілеймін! Баршаңызға зор денсаулық, мол жақсылық пен амандық тілеймін!»