CaspianLife, 6 наурыз. Вице-премьер Қанат Бозымбаев Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Еуропа және Солтүстік Атлантика бюросының директоры Николя Ралло мырзамен кездесу өткізді.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қанат Бозымбаев Қазақстанмен ынтымақтастық мәселелерінде тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан ИКАО ұйымына алғысын білдіріп, Azerbaijan Airlines әуе кемесінің апаты болған жерге тәуелсіз сарапшы Тормодур Тормодссонды дер кезінде жібергені үшін ризашылығын жеткізді.
«Үкімет атынан сізге және ұйымыңызға біздің бастамаларымызды қолдағандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Аталған тергеуді толық аяқтау үшін біз ИКАО-мен өзара іс-қимылды жалғастырамыз», – деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьердің айтуынша, әуе апаты болған алғашқы күндерден бастап Қазақстан оқиғаны жан-жақты әрі объективті тергеуге бағытталған.
Өз кезегінде Николя Ралло Қазақстан тарапының қысқа мерзім ішінде жүргізіп, жариялаған Azerbaijan Airlines әуе кемесінің апатын тергеу бойынша алдын ала есебін жоғары бағалады.
«Мен Қазақстан мен Тергеу комиссиясының күш-жігерін атап өткім келеді, олар бұл алдын ала есепті апаттан кейін 1,5 ай өтпей жариялауға мүмкіндік берді. Тергеу барысында халықаралық азаматтық авиация туралы конвенция талаптарын толық сақтауды жалғастыруға шақырамын», – деді Николя Ралло.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтаудағы әуе апатын тергеу жөніндегі қорытынды есеп биылғы жылдың соңына дейін Чикаго конвенциясына сәйкес жарияланады.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Азамат Сәрсенбаев (Ақтау)