CaspianLife, 26 ақпан. «АтырауНефтеМаш» зауыты АҚШ институтының API 650 «Мұнай сақтауға арналған болат резервуарлар» сертификатына ие болды.
Бұл сертификат зауытта өндірілетін жабдықтар мен құрамдас бөліктерді мұнай-газ өндіру саласында 100-ден астам елге экспорттауға мүмкіндік береді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, сертификатқа Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC компаниясының қолдауымен қол жеткізілген. Бұл Атырау облысының экономикалық дамуы үшін маңызды қадам, өйткені мұнай-газ машина жасау саласы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда.
– Өткен жылы облыста 50,1 млн тонна мұнай (95,1%) және 26,6 млрд текше метр ілеспе мұнай газы (94,4%) өндірілді. Машина жасау саласының көлемі 84,5 млрд теңгені (70%) құрады. Оның ішінде елдегі ірі габаритті мұнай-газ қондырғыларын өндіруші алғашқы кәсіпорындардың бірі саналатын «АтырауНефтеМаш» ЖШС-нің үлесі 2%-ды құрайды, – деді Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров.
Атырау облысы – инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республикадағы көшбасшы өңірлердің бірі.
– Соңғы 10 жылда біздің серіктес жеткізуші ретінде белгілі бір көлемде жабдықтармен қамтамасыз етті. Бұл – мұнай-газ саласының дамуына тұрақты үлес қосып келе жатқан күрделі жабдықтар өндіретін машина жасау зауыты. Біз өз тарапымыздан кәсіпорындарға демеушілік көмек көрсетеміз, – деді NCOC компаниясының басқарушы директорының орынбасары Ерлан Мұқай.
ӨКҚ мәліметінше, API стандартына сай сертификат өндірушінің барлық қажетті тексерулер мен сынақтардан өткенін және халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келетінін білдіреді. Сондай-ақ, бұл мұнай-газ өндіру саласында қолданылатын жабдықтар мен құрамдас бөліктерді әлемнің 100-ден астам еліне экспорттауға жол ашады. API 650 стандарты жиналмалы болат парақтар мен зауыттық резервуарларды қамтиды. Сертификаттау процесі 2023 жылдың ақпан айында басталған.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Рахим Қойлыбаев