CaspianLife, 14 ақпан. ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.
ІІМ ведомстволық сайты (Polisia.kz) берген ақпаратқа сәйкес, ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары Алтынбек Шүйіншалиев соңғы уақытта билік өкілдеріне бағынбау жағдайлары жиілеп кеткенін атап өтті.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша мұндай 271 жағдай тіркелген. Оның ішінде 127 құқық бұзушы мас күйінде болған, 87-сі бұрын сотталған, ал 19-ы топ болып бағынбаған», – деді Алтынбек Шүйіншалиев.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін 225 азамат сотталған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды. Әйелімен жанжалдан кейін ер адам екі учаскелік полиция инспекторына пышақпен шабуыл жасап, олардың білегі мен қолының саусақтарына жарақат салған. Тағы бір оқиға Ақтөбе облысының Қандыағаш станциясында орын алды.
«Астана – Атырау» пойызының жолаушысы алкогольді ішімдік ішкеннен кейін патрульдік қызмет инспекторларына физикалық қарсылық көрсеткен. Денсаулыққа зиян келтіргені үшін ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
— Полиция азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғамның заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Құқықтық нормаларға құрметсіздік танытпай, әділ Қазақстан құру мүмкін емес. Азаматтарды заңды сақтауға, билік өкілдеріне бағынбау мен оларды қорлау фактілеріне жол бермеуге шақырамыз. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз, — деп түйіндеді Алтынбек Шүйіншалиев.