CaspianLife, 28 қаңтар. Бүгін FlyArystan әуе компаниясының FS 7366 рейсі бойынша Орал – Астана бағытына ұшқан ұшақ Орал қаласы әуежайында құстар үйірімен соқтығысты.
Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшақ жүйелері мен қозғалтқыштарында ақаулар байқалмағандықтан, экипаж ұшуды жалғастырып, Астана қаласының әуежайына қалыпты режимде қонған.
«Қону кезінде ұшақтың сол жақ қозғалтқышының компрессор қалақтары мен фюзеляж бөліктерінің бірнеше жерінде зақымданулар анықталды, сондай-ақ қозғалтқыштың ішінде және ұшақтың сыртында құс қалдықтары табылды. Бұл үлгілер құстардың түрін анықтау мақсатында ДНҚ-тестілеуге жіберіледі. Бұл Орал әуежайында осындай оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады әуе компаниясы.
Air Astana компаниялар тобы құстармен соқтығысу қаупін азайтудың маңыздылығын атап өтті, себебі мұндай жағдайлар авиация қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. Мұны басқа әуе компанияларының қатысуымен болған соңғы авиациялық оқиғалар дәлелдейді. Осыған байланысты әуе компаниясы Қазақстан әуежайларында жабайы табиғатты басқару бағдарламаларын жақсарту үшін халықаралық сарапшылармен белсенді жұмыс жасауда. IATA мәліметтеріне сәйкес, Қазақстандағы құстармен соқтығысу оқиғаларының деңгейі әлемдік көрсеткіштен едәуір жоғары. 2024 жылы компаниялар тобының әр 10 мың рейсіне шаққандағы құстармен соқтығысу оқиғаларының саны 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға өсіп, 203 жағдайды құраған.
«Air Astana әуежайларды қоршаған ортаға бақылау және басқару сияқты проактивті шараларды енгізіп, ұшу қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерді тиімді төмендетуге шақырады», – делінген хабарламада.