CaspianLife, 27 қаңтар. Бүгінгі таңда елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін жобалардың бірі – «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астрахань бағытына)» тасжолы.
Республикалық маңызы бар ұзындығы 277 км жолдың 272 км-інде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Жол жиегін нығайту, абаттандыру, тежегіш жолақтарын кеңейту жұмыстары жүргізілді, ал биыл тасжол толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
— Көпшілікті толғандыратын сұрақ – қалған бес шақырымдық жол қашан аяқталады? Қала сыртындағы «Атырау-Астрахань» тасжолына шығатын 616-621 шақырым аралығындағы учаскені облыстың коммуналдық меншігіне қабылдадық. Бес шақырымдық жолды қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды, барлық құжаттар Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына тапсырылды. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Республикалық маңызы бар жолды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан бері көлік қозғалысы 30%-ға артты. Бұл жұмыстар аймақтың көлік инфрақұрылымын, экономикасын және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік береді.
Сурет: Рахим Койлыбаев