CaspianLife, 13 қаңтар. Жергілікті кәсіпкер су тасқыны кезінде салынған дамба салдарынан құс фабрикасын аша алмай отыр. Әкімдік өкілдерінен нақты жауап ала алмаған кәсіпкер Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқпаеваның айтуынша, кәсіпкер Вячеслав Орловтың шағымы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралған.
В. Орловтың айтуынша, ол 2022 жылдың қазан айында Махамбет ауданының Бейбарыс ауылынан 2,7 гектар жер телімін жеке меншікке сатып алған. 2024 жылдың басында құс фабрикасын ашу мақсатында жерді қоршап, трансформатор орнатқан. Алайда, жергілікті атқарушы органдар су тасқынына қарсы дамба салғандықтан, жобасын жүзеге асыра алмаған.
«Менің жерімде дамба салынатыны туралы ешкім ескертпеді, рұқсат сұралмады. Дамба салу кезінде менің жерімді қоршаған 38 бетон баған зақымданды. Енді жерім екіге бөлініп, құрылыс жүргізу мүмкін болмай қалды. Бұл мәселені шешу үшін ауылдық, аудандық, қалалық әкімдіктерге жаздым, бірақ нақты жауап ала алмадым. Олар тек бір-біріне сілтейді. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасына жүгіндім», — деді Вячеслав Орлов.
Кеңеске қатысқан ауылдық және аудандық әкімдік өкілдері кәсіпкердің мәселесінен хабардар екенін, бірақ көмектесе алмайтындарын жеткізді. Себебі бұл жұмыстар қалалық әкімдіктің тапсырысы бойынша жүргізілген.
«Бізде су тасқынынан зардап шеккен 105 кәсіпкердің тізімі бар. Қазіргі уақытта оларға өтемақы төлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ Вячеслав Орлов бұл тізімде жоқ, себебі оның жеріндегі дамба біздің балансымызда жоқ», — деді Махамбет ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Сәлиев.
Кәсіпкердің өтініші бойынша Кәсіпкерлер палатасы тиісті жұмыстар жүргізген. Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев бұл жағдай кәсіпкердің құқықтарының бұзылғанын көрсететінін айтты.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәселені шешудің екі жолы бар: кәсіпкерге өтемақы төлеу немесе оған тең бағалы және көлемді басқа жер учаскесін беру. Кеңес қорытындысы бойынша тиісті органдарға ұсыныстар жіберіледі. Егер олардың жауабы немесе ұсынған шешімі кәсіпкерді қанағаттандырмаса, біз оның мүддесін сотта қорғауға дайынбыз», — деп түйіндеді Кәсіпкерлер палатасының өкілі.
(Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің ақпараты негізінде)