CaspianLife, 17 маусым. Маңғыстау облысында қарақұрттардың белсенділігі күрт артты. Мамандар мұны биылғы мол жауын-шашынмен байланыстырады. Соның салдарынан улы өрмекшітәрізділер әдеттегіден ертерек және көптеп пайда болған. Бұған дейін қарақұрт шағу деректерінің шарықтау кезеңі шілде-тамыз айларына сәйкес келсе, биыл қауіпті маусым мамыр айының соңында басталған. Жыл басынан бері 23 адам медициналық көмекке жүгінген.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы да мұндай жағдайлардың көбейгенін растады. Мекеме директоры Берік Қауынов өткен жылдың шілде-тамыз айларында небәрі төрт адам түскенін, ал биыл алғашқы науқастар мамыр айының соңында-ақ тіркелгенін айтты. Қазіргі уақытта ауруханада қарақұрт шаққан алты адам ем қабылдаған. Оның төртеуі сауығып, үйіне шығарылса, екі науқас дәрігерлердің бақылауында қалып отыр.
Дәрігерлер қарақұрт шаққан жағдайда уақыт жоғалтпау керектігін ескертеді. Өйткені оның уы ағзаға тез тарап, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Аурухананың токсиколог дәрігері Нұрлан Бостаев қарақұрт шаққаннан кейін қатты ауырсыну мен улану белгілері пайда болатынын айтты. Алғашында белгілер аяқ-қолдан басталып, кейін іш қуысына тарайды. Одан соң дене қызуы көтеріліп, қатты терлеу байқалады.
Санитарлық дәрігерлер өңір тұрғындарына аулаларды таза ұстауға, құрғақ шөп пен қоқысты уақытылы тазартуға кеңес береді. Сондай-ақ құрылыс алаңдары мен демалыс орындарын өңдеп отыру қажет. Ашық ауада жұмыс істегенде жабық киім киіп, аяқкиімді кимес бұрын міндетті түрде тексеру ұсынылады. Балаларды қарақұрт мекендеуі мүмкін жерлерге жібермеу де маңызды.

