CaspianLife, 8 қаңтар. Бүгін Алматы – Анталья бағыты бойынша КС915 рейсін орындаған Airbus A321 ұшағы жергілікті уақыт бойынша 08:35-те әуежайдан ұшып шықты. Алайда техникалық себепке байланысты ұшақ Ақтау қаласының әуежайына штаттық режимде қонды.
Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған орталық бактағы жанармай жүйесінің сақтандырғыш клапанының ақауы себеп болған.
«Рейс қосалқы бөлшекті Алматыдан жеткізу қажеттілігіне байланысты 9 қаңтар күні сағат 09:20-ға ауыстырылды. Жолаушыларға тамақ және қонақүйде тұру қамтамасыз етілді. Антальядағы жолаушыларға да осындай шаралар қабылдануда», — делінген Air Astana таратқан хабарламада.