CaspianLife, 30 желтоқсан. Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес, тергеу жүргізетін мемлекет борттық жазбаларды оқуды қамтамасыз етеді және «қара жәшіктерді» оқу мен дешифрлеу үшін елді таңдау туралы шешім қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, біздің еліміз бұл конвенцияны 1992 жылы ратификациялаған және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мүшесі болып табылады.
«Жоғарыда аталған құжатқа, сондай-ақ ИКАО ұсынымдарына және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық биліктерімен өткізілген консультацияларға сәйкес, әуе апатын тергеу жөніндегі комиссия «қара жәшіктерді» Бразилиядағы авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл орталық Embraer әуе кемесінің өндірісімен айналысатын елде орналасқан», — делінген ҚР Көлік министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, әуе апатын тергеу жөніндегі комиссияны ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратыны атап өтілді.
CENIPA орталығы қажетті техникалық мүмкіндіктерге ие, тиісті жабдықтармен және сертификатталған зертханамен жабдықталған. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.
Сурет: Азамат Сарсенбаев (Ақтау)