Құрбан айт мейрамына орай Атырау қалалық перзентханасының 150 қызметкеріне құрмет көрсетілді. Екі айдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан мамандар үшін жалпыреспубликалық «Мың алғыс» акциясы ұйымдастырылды.
Гүлбаршын НҰРАЛИНА, Атырау қалалық перзентханасы директорының орынбасары:
– Мұндай іс-шара бізде алғаш рет болып жатыр. Сондықтан өте қуаныштымыз. Осындай эпидемиологиялық қиын ахуалда біздің қалалық перзентхана қызметкерлері барынша халыққа қызмет көрсетуде. Мамырда ашылған провизорлық бөлімшеге осы уақытқа дейін 105 әйел жеткізілді.
Құрбан айт мерекесіне орай Атырау облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрамындағы этнос өкілдерінің қолдауымен тәттілер, жеміс-жидек және әртүрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, перзентхана мамандарына көңіл бөлудегі басты себеп – ел қорғайтын ұл-қыздарымызды дүниеге келуіне себепші бірден бір жандар осылар.
Жанар ИЛЬЯСОВА, Атырау облысы ҚХА «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:
– Мейрамда медицина қызметкерлерін ерекше қуантқымыз келді. Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері перзентхана қызметкерлерін өздерінің ұлттық тағамдарымен, атап айтқанда, украина ұлты бәліштер, грузиндер хачапури, корей халқы пигоди және орыстар жеміс толы себеттерін табыстап, құрмет көрсетіп жатыр.
Наурыз айынан бері Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Біз біргеміз» акциясы аясында 140-қа жуық қайырымдылық шарасын ұйымдастырған. Осылайша, 10 мыңнан астам тұрғынға 20 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді.