Жекеменшік жағажайлардың жұмысына рұқсат болса да, тәртіп жалпыға ортақ. Ақтаудағы ақылы жағажайда мәре-сәре боп жүрген жұрттың карантин талаптарын елемейтінін осыған дейін жеткізгенбіз. Соған байланысты мобильді топ аумақты тексеріп, бірнеше заңбұзушылықты анықтады. Талапқа құлақ аспаған жағажай қожайыны әкімшілік жазаға тартылды.
Әсима ЖАРЫЛҒАСОВА, Ақтау қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:
«Достар» жекеменшік жағажайының иесі талаптарды мүлде сақтамаған. Кіреберісте демалушылардың қызуын да тексермеген. Бәрі емін-еркін кіріп-шығып жүрген. Сол жердің администраторы осының бәрін ескеріп, қадағалауы тиіс еді. Енді жағажай иесіне әкімшілік кодекстің 425-бабы, 1-тармағы бойынша хаттама толтырылды. Ол 115 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады.