CaspianLife, 13 желтоқсан. Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай Ақтау қаласының тұрғындарымен кездесуден кейін түнгі 03:00-ге дейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстауға байланысты мәселелері бар азаматтар келді — шатырлар мен жертөлелер, подъездері мен аулалар жағдайына қатысты мәселелерді көтеріп, өңір басшысынан көмек сұрады. Нұрдәулет Қилыбай сол сәтте-ақ жауапты тұлғалар мен басқарма басшыларын тұрғындардың үйлеріне жіберіп, коммуналдық саладағы мәселелерді шешуді тапсырды.
Өңір басшысынан қолдау сұрап, Маңғыстау облысында «Елім» такси қызметін ашқан кәсіпкер әйел де қабылдауға келді. Азаматшаның өтініші қолдау тауып, жергілікті билік тарапынан меморандумға қол қою туралы шешім қабылданды.
Жалпы, өңір басшысының қабылдауына 150-ден астам тұрғын жеке өтініштерімен келді. Қалалықтардың басым бөлігі еңбек даулары, жұмыссыздық, үлескерлердің құқықтарын қорғау, тұрғын үй мәселелері, жылумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және туризм саласын дамыту сияқты өзекті тақырыптарды көтерді.
Облыс әкімі әрбір өтінішті мұқият тыңдап, барлық мәселелерді заң аясында шешу үшін тиісті құқық қорғау органдарына және басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)