Коронавирус жағдайына байланысты, аймақта емханалардың онлайн режимдегі жұмысы жалғасуда. Бұл туралы жергілікті денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметіне сілтеме жасай отырып Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта емханалар 8.30–18.00 сағат аралығында тұрғындарға онлайн режимде кеңес беріп жатыр. Ал пациенттерді мазалаған мәселелер бойынша сенбі күнгі кеңесті сағат 15.00-ге дейін кезекші дәрігер береді.
Егер шұғыл жағдай орын алып немесе созылмалы ауруы бар науқасқа ауруханаға жататын жағдай туындайтын болса, учаскелік дәрігерге хабарласу арқылы анализ тапсыруға жолдама ала алады. Анализ таңғы сағат 8.00–9.30 аралығында алынады.
– Қазіргі уақытта емханалар жүкті әйелдерден анализ сынамаларын алуда. Және акушер-гинекологтар қабылдауды емханаларда жүргізіп жатыр. Олардан басқа жекелеген мамандар да емханада жұмыс атқаруда. Қажет жағдайда науқастарды офлайн режимде қабылдайды, – деп нақтылады Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі.
Тұрғындар өз мәселесі бойынша тіркеуде тұрған емхананың анықтама бөліміне немесе 103, 112 қысқа нөмірлеріне хабарласа алады.