CaspianLife, 3 қазан. Атырау облысының «Иманғали» орталық мешіті кейбір сайттарда және әлеуметтік желілерде жарияланған Атырау қаласының «Құспан молла» мешітінің имамына қатысты ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін және жала екенін хабарлады.
Атырау облысының «Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ең алдымен, қаладағы «Құспан молла» мешітінің имамы қызметтік жағдайын пайдаланып, мүфтиятқа балық пен уылдырық жіберді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Атыраудан мүфтиятқа «сыйлықтар» жіберу фактісі болмаған.
Сонымен қатар, «… молла насыбай қолданады, анаша шегеді және массажға барады» деген қауесеттер мүлдем жоққа шығарылады.
«Сондай-ақ, мешіт имамының көп мөлшерде үй жануары бар деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта имамның бір сиыры мен бір түйесі бар. Имам қызметтік жағдайын пайдаланып, Атырау кәсіпкерлерінен мал мен ет түрінде сыйлық қабылдайды деген ақпарат та шындыққа сай емес», — делінген мәлімдемеде.
Кәсіпкерлер мешітті жабдықтау мақсатында қайырымдылық көмек көрсететіні жиі айтылып, көрсетілген қолдаудың мешіттің ішкі құжаттарында тіркелетіні ерекше атап өтілген.