Атырауда оқушылар 1-қыркүйектен бастап бірінші тоқсанды қашықтан оқиды, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
Шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда, 1-қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектебіндегі 1–11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсаны қашықтан оқытылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
– Шалғайдағы ауылдық мектептер мен кезекші сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініші бойынша мектеп қабырғасында өткізілетін сабақтарға қатыса алады. Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет, Исатай және Индер аудандарында 26 шағын жинақты мектеп бар. Онда 1 853 оқушы бар. Балалар бір кабинетте 10-15 адамнан ауысым бойынша оқиды, ал үзіліске әртүрлі уақытта шығады. Сондай-ақ, мектепке кірер алдында әр оқушының қызуы өлшенетін болады, – дейді Атырау облысы білім беру басқармасының әдістемелік орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Орынтай Биманова.
Облыс бойынша қыркүйекте 131 мыңнан аса оқушы білім алмақ.
Шағын жинақты мектеп дегеніміз – тұрғындардың саны аз аймақтарда жұмыс істейтіндіктен, оқушыларының саны аз, біріктірілген сыныптардан, толық емес сыныптардан тұратын, оқу үдерісін жоспарлау мен ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері бар жалпы білім беру мекемесі.