CaspianLife, 5 қыркүйек. 9 қыркүйектен бастап «Құрманғазы» автомобиль өткізу пунктіне «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі енгізіледі.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Мейрамбек Шманов баспасөз брифингінде мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа электрондық жүйе тасымалдаушыларға кезекті алдын ала брондауға, сондай-ақ ақпараттық жүйелерде қажетті құжаттарды тексеруді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
— Қазақстан аумағынан автомобиль өткізу пункттері арқылы шығуды жоспарлаған тасымалдаушы «CarGoRuqsat» қосымшасы арқылы электрондық кезектен орын брондауы қажет. Ол үшін https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесінен өтіп, «CarGoRuqsat» қосымшасына тіркеліп, кіреді. Сондай-ақ өткізу пунктін таңдап, шекарадан өту күні мен уақытын көрсетуі және жүргізуші мен автокөлік туралы деректерді толтыруы міндетті. Бұл жерде ең бастысы салық төлеуші өтінім мақұлданғаннан кейін шекарадан өту үшін өткізу пунктіне уақытылы келу қажет, — деді М.Шманов.
Анықтама үшін: «CarGoRuqsat» онлайн сервисі арқылы электронды кезекті брондау көлік түріне қарай 1 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ақылы болады.