CaspianLife, 5 тамыз. Құрық портында КӨК-1 және КӨК-2 көтергіш-өтпелі көпірлерін жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, жаңғырту нәтижесінде порттың өндірістік тиімділігі едәуір артып, паромдарды өңдеу уақыты қысқарған. Атап айтқанда, теміржол паромдарын өңдеу мерзімі 18 сағаттан 12 сағатқа, ал автопаромдарды өңдеу уақыты 10 сағаттан 6 сағатқа дейін азайды.
Сонымен қатар теміржол паромдарының сыйымдылығы 40 вагоннан 48 вагонға дейін ұлғайтылды. Бұл порттың өткізу қабілетін жақсартып, жүк тасымалы көлемін арттыруға мүмкіндік берді.
Көлік министрлігінің айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту Құрық портының Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойындағы стратегиялық маңызын күшейтіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Құрық портында 884,8 мың тонна жүк өңделген. Бұл порт қызметіне деген тұрақты сұранысты және оның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы маңызды рөлін көрсетеді.
Жүк айналымының құрылымында:
- теміржол бағытымен – 475,5 мың тонна жүк қайта тиелген. Оның ішінде 242,3 мың тоннасы экспорттық, 233,2 мың тоннасы импорттық жүк;
- автомобиль бағытымен – 306,2 мың тонна жүк өңделген. Оның ішінде 151,4 мың тоннасы экспорт, 154,8 мың тоннасы импорт болған;
- сондай-ақ порттың астық терминалы арқылы 104,1 мың тонна астық дақылдары жөнелтілген.
Ведомствоның мәліметінше, Құрық порты логистикалық үдерістердің тиімділігін арттыра отырып, жүктерді сенімді өңдеуді жалғастырып келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның Каспий өңіріндегі маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі орнын нығайтуға ықпал етеді.

