CaspianLife, 5 тамыз. Үкімет Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жерасты су кен орнынан тартылатын топтық су құбырын салуға Арнайы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. Қаражат шетелге заңсыз шығарылып, кейін мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлінген.
Жоба Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан және коммуналдық желілерге түсетін жүктеме артып отырған «Батыс-1», «Батыс-2» және «Батыс-3» шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында мұнда 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, жабдықталады. Сондай-ақ топтық су құбыры салынып, инженерлік желілер тұрғын үй алаптарына дейін тартылады. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін тәулігіне 70 мың текше метрге дейін қосымша су беріледі. Бұл Ақтөбе қаласының тұрғындарын, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның ішінде тәулігіне 25 мың текше метрге дейінгі су көлемі облыс орталығындағы жаңа шағынаудандардың өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеуге бағытталады.
Мамандардың мәліметінше, Сарыбұлақ кен орнындағы барланған су қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты сумен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Айта кетейік, 2024–2026 жылдары Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Оның басым бөлігі бүгінде пайдалануға берілген. Жалпы жобалардың ішінде 267 жобаға 226,5 млрд теңге бөлініп, олар су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

