CaspianLife, 6 тамыз. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және Орталық Азия елдері арасында бөлшек сауда өсімінің ең айқын баяулауы байқалған мемлекетке айналды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 5,7%-ды құрады. Бұл туралы INFOLine зерттеу орталығының «Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің тұтыну нарықтары» атты зерттеуінде айтылды, деп хабарлайды Forbes.kz.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша өңірдің барлық елдерінде бөлшек сауда көлемі өскенімен, өсім қарқыны біркелкі болмаған. Өзбекстан ішкі сұраныстың рекордтық қарқынын сақтап қалса, Беларусь пен Қырғызстан тұрақты өсім көрсеткен. Ал Қазақстанда салық реформасының салдары байқалса, Ресейде ресми статистика мен ірі сауда желілерінің нақты көрсеткіштері арасында айырмашылық күшейген.
Өңірдегі сөзсіз көшбасшы – Өзбекстан. INFOLine негізін қалаушы Иван Федяковтың айтуынша, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында бұл елде бөлшек сауда айналымы салыстырмалы бағамен 20,2%-ға артқан. Бұл – өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі әрі әлемдегі бөлшек сауданың ең жылдам өсімдерінің қатарында.
Сарапшы мұндай жоғары қарқын бірнеше жылдан бері сақталып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұған халық санының артуы, үй шаруашылықтарының табысының өсуі, урбанизацияның жеделдеуі, ірі инвестициялар және заманауи сауданың дамуы әсер еткен. Сонымен қатар сауданың цифрлануы мен электронды коммерция нарығының қарқынды өсуі де маңызды рөл атқаруда.
Қырғызстанда 2026 жылдың алғашқы жартысында бөлшек сауда 11,9%-ға өсті. Мұндай өсім еңбек мигранттарының ақша аударымдарының көбеюі, қызмет көрсету саласының, құрылыс пен шағын бизнестің дамуы есебінен қамтамасыз етілген. Жалақының артуы мен халықтың тұтынушылық белсенділігі де ішкі нарықтың қарқынды дамуына ықпал еткен.
Қазақстанда бөлшек сауда өсімі 5,7%-ға дейін баяулап, өңірдегі ең төмен қарқындардың біріне айналды. Иван Федяковтың пікірінше, бұған басты себеп – 2026 жылдың басынан күшіне енген жаңа Салық кодексі. Құжатқа сәйкес, қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді.
Салық жүктемесінің артуы инфляцияның үдеуіне алып келді. 2026 жылдың алғашқы жартысында инфляция 10%-дан асты. Өйткені кәсіпкерлер қосымша шығындардың едәуір бөлігін тұтыну бағасына енгізген.
Сарапшының айтуынша, халықтың атаулы табысының өсуі инфляцияны толық өтей алмай отыр. Соның салдарынан нақты сатып алу қабілетінің өсімі баяулаған. Бұдан бөлек, бизнес өкілдері де салық жүктемесінің ұлғаюына байланысты инвестициялық белсенділікті төмендетіп, тұтынушылық сұраныстың артуына сақтықпен қарай бастаған.
Ең көп талқыланып отырған жағдай Ресейде қалыптасқан. Ресми статистика бойынша, бөлшек сауда айналымы жарты жылда 5,4%-ға өскен. Алайда Иван Федяковтың айтуынша, ірі федералдық сауда желілерінің нәтижелері, салыстырмалы сатылым көрсеткіштері, азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарығы және тұтынушылық несиелеудің қысқаруы мұндай жоғары өсімді растамайды.
Көптеген ірі ритейлерлер, әсіресе азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде, сатып алушылар белсенділігінің айтарлықтай төмендегенін тіркеп отыр. Ал жоғары пайыздық мөлшерлемелер халықтың ірі сатып алуларды несие есебінен қаржыландыру мүмкіндігін шектеген.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығы өңірдегі тұтыну нарықтарының даму қарқыны арасындағы айырмашылықтың күшейгенін көрсетті. Өзбекстан демографиялық өсім, халық табысының артуы және экономиканы жаңғырту есебінен негізгі өсім орталығына айналып отыр. Қырғызстан ішкі сұраныстың тұрақты өсімін сақтауда.
Ал Қазақстан салық реформасы, инфляциялық қысымның күшеюі және бұрын қалыптасқан жоғары базаның әсерінен қалыпты өсім кезеңіне өтті.
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары бөлшек сауда саласындағы бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы жалпы тұтынудың өсуі емес, ритейлерлердің сатып алушылардың өзгеріп жатқан мінез-құлқына бейімделуі және нарық өсімінің баяулауына тиімді жауап беруі болмақ.
Дереккөз: Forbes.kz

