CaspianLife, 19 тамыз. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге жұмыс сапарымен келген Халық әртісі Димаш Құдайбергенмен кездесіп, облыстың туризм әлеуеті жайында әңгімелесті.
Кездесу барысында облыс әкімі мемлекет басшысының тапсырмасымен туризм саласында қолға алынып жатқан жобалар туралы айтып, әншіні 2025 жылы Ақтау қаласында өтетін Түркі әлеміне ортақ мерейлі шараға қатысуға шақырды.
Еліміздің өнерін әлемге танытқан ұлт мақтанышы, талантты әнші Димаш Құдайберген Қазақ туризмінің амбассадоры ретінде Маңғыстаудың тарихи-мәдени жерлерін аралап шықты. Киелі өңірдің руханияты, мәдениеті мен туризмін көрсететін деңгейі бөлек туынды әзірлеуді жоспарлауда. Маңғыстау облысына алғаш рет келген әнші өңірдің тұмса табиғатынан ерекше әсер алғанын және мұндағы туристік нысандарды насихаттауға үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
— Бозжыраға жақындай бергеннен бастап, керемет әсерге бөлендік. Ертегі әлеміне тап болғандай күй кештік. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Туризм саласын дамыту бағытында алған істеріңізге сәттілік тілеймін. Демалыс орындарын дайындау, ішкі, сыртқы туристерді тарту оңай жұмыс емес. Бізде ел мүддесі үшін, мәдениетімізді дамыту бағытында жұмыс істесек одан басқа арман жоқ. Осы елдің баласы болғандықтан барынша қолдауға дайынбыз,- деді Димаш Құдайберген.