CaspianLife, 19 шілде – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстың шеңберінде баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа көшіру жобасын әзірледі. 052-2/у нысаны немесе баланың денсаулық паспорты – бұл ата-аналар бірінші сыныпқа баласын қабылдау кезінде мектептерге ұсынуы қажет негізгі құжат. Жыл сайын 380 мыңнан астам бала осы құжатты рәсімдейді.
«Ата-аналар үшін электронды денсаулық паспортының енгізілуі қағазбастылықты азайтады және eGov mobile және eDensaulyq сервистері арқылы балалардың денсаулығы туралы ақпаратқа ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етеді», – деп нақтылады Денсаулық сақтау министрлігі.
Енді оқушылардың денсаулық жағдайы туралы деректер медициналық тексерулерден кейін бірден мектептерге және басқа да білім беру мекемелеріне автоматты түрде жіберіледі.
eGov mobile жүйесімен интеграцияны аяқтау жоспарланған мерзім – 2024 жылдың тамызы.