CaspianLife, 5 шілде – Жем өзенінің бойынан «Аралтөбе» деп аталатын су қоймасы салынуы мүмкін. Бұл туралы Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің су шаруашылығы комитетіне жіберген сұранысына осындай жауап келіпті. Уәкілетті органның ресми хатында биыл су қоймасын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау үшін 148 миллион теңге қарастырылғаны айтылыпты. Қаражат облыстық әкімдіктен шығады. Қазір негіздемені жасап беретін компания-мекемені анықтау мақсатында конкурс жариялау үшін тиісті жұмыс жасалып жатқан көрінеді. Гидронысан көктемде Жем өзеніне келетін өр суын жинауға арналған. Жоба бойынша сыйымдылығы 200 миллион текше метр болуы мүмкін.