Атыраудан сенат депутаттығына бес кандидат ұсынылды. Олардың төртеуі өз-өзін ұсынса, бір үміткер – облыстық мәслихаттың таңдауы. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов айтты.
Атыраулық үміткерлер – әуежай байланысы, білім, өндіріс, сондай-ақ, темір жол саласының қызметкерлері. Олардың ең жасы – 44-те.
– Осы ұсынылған адамдарды айта кетсек, өзін-өзі ұсынған кандидаттар – «АТМА-Атырау Әуежайы және тасымалдау» АҚ басқарма басшысының орынбасары Серік Сұмағұлов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдық желі Атырау бөлімінің бас инженері Сағын Сейілханов, АМӨЗ департамент директоры Арыстан Серік және Қатира Дүтбаева атындағы колледждің директоры Қарабаева Айжан. Бір кандидатты облыстық мәслихат ұсынды, ол – Лұқпанов Сағындық, – деді Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат АЙМАНАКУМОВ.
Аталған үміткерлердің екеуі өз еріктерімен бас тартқан. Нақтырақ айтсақ, Арыстан Серік пен Айжан Қарабаеваның берген өтініштері күшін жойды. Ал қалған кандидаттар 23 шілдеден бастап сайлау алды үгіт жүргізуді бастайды. Ол 11 тамызға дейін созылмақ.