CaspianLife, 17 сәуір — Соңғы кездері әлеуметтік желіде ауыз судың сапасына қатысты түрлі әңгіменің шыға бастағаны белгілі. Бұған Жайық суының лайланып, одан өлексенің, тіпті мүрденің де шығуы әсер етсе керек. Халықты ауыз сумен қамтып отырған «Атырау облысы су арнасы» мекемесінің қызметкерлері өр суы келген кезде Жайықтың лайлана түсуі қалыпты құбылыс екендігін айтады. Бірақ су тұрғындарға бірнеше мәрте тазаланып, құрамы әбден тексеріліп барып беріліп отыр дейді.
«Атырау облысы су арнасы» мекемесі мамандарының айтуынша, қазіргі кезде Жайықтан алынған бір литр судың құрамында 272 мг лайлылық бар. Өр суы келіп кеткенге дейін бұл көрсеткіш көбеюі мүмкін. Ал желтоқсан айында лайлылық литріне 5 миллиграмға дейін азаятын көрінеді. Жағдайды эпидемиологтар да бақылауда ұстап отырмыз дейді.
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгүл Ысқақова:
«Қазір келіп жатқан суда әртүрлі заттармен ластануына байланысты біз тұрғындарға тек қана тазартылған ауыз суды ішуді ұсынамыз. Ашық су көзінен суды пайдаланбау керек. Пайдаланып отырған ауыз судың да өзін қайнатып, бөтелкедегі суды пайдалану керек. Себебі бұл судың ластануы әр түрлі жұқпалы ішек инфекциялары, дезинтерия секілді аса қауіпті ауруды тудыруы мүмкін. Негізінде бұл тек биыл емес табиғаттың жылма-жыл қайталанатын құбылысы. Су тасқыны кезінде міндетті түрде су ластанады. Санитарлық-химиялық, микробиологиялық көрсеткіштерінен өзгерістер болады.
Мамандар ашық су көздеріндегі лайлылық көрсеткішкі өскенмен оның мөлшерін нормаға сәйкес 0,5 мг-ға түсіріп отырмыз дейді.