Caspianlife, 1 сәуір — Қытайлық кәсіпкерлер Атыраудағы жер асты суын зерттеу үшін мамандарды жібермек. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды. Аймақ басшысы Серік Шәпкенов қытайлық құрылыс компания өкілдерін қабылдап, бірқатар мәселені талқылады. Әсіресе, Атырау үшін өзекті кәріз жүйесін салу, жер асты суын өңдеп, қайта пайдалану туралы айтты. «Қытай құрылыс корпорациясының үшінші инженерлік бюросы» компаниясының басшысы Лю Мин мұндай жағдайды өздерінің де бастан өткергенін айтып, тәжірибесін бөлісті. «Біздің Шэньчжень қаласында да осындай жағдай болған. Ол кезде біз де тиісті зерттеу жүргізіп, мәселені шештік. Бір сөзбен, тәжірибеміз бар. Тұзды жердің суын тазалау — өте оңай процесс», — деп атап өтті ол.
Одан бөлек жиында Серік Шәпкенов облыстың инновациялық-индустриялық даму бағытында ұсынылған әр жобаны қолдауға және арадағы қарым-қатынасты жандандыруға ниетті екенін айтты. Өңір басшысы Қытаймен арадағы сауда-экономикалық байланыстың да дамып жатқанын тілге тиек етті.
Былтыр Атырау облысының Қытаймен сыртқы сауда айналымы 3 млрд 242 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт 3 млрд. 079 млн болса, импорт — 163 млн доллар.